Қазақстандық ЖОО Алматыдағы шахматтан командалық ӘЧ-да қола үшін ойнайды

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Kazchess

Фото: Kazchess

Алматыда университеттер арасындағы шахматтан командалық әлем чемпионаты-2026 финалистері анықталды. Қазақ ұлттық спорт университеті (KNUS) үшінші орын үшін матчта өнер көрсетеді.

Жартылай финалда қазақстандық команда Ural State Mining University құрамасымен кездесті. Қарсыластықтың алғашқы матчы 2:2 есебімен тең аяқталса, екінші кездесуде қарсылас 3:1 есебімен жеңіске жетті. Екі матчтың қорытындысы бойынша KNUS 3:5 есебімен жеңілді.

Қазақстандық команда сапында Меруерт Камалиденова 2019 жылғы U16 әлем чемпионы Лея Гарифуллинаға қарсы екі партияда 1,5 ұпай жинап, бір жеңіске жетіп, бір рет тең түсті. Гроссмейстер Қазыбек Нөгербек 2023 жылғы U20 әлем вице-чемпионы Арсений Нестеровпен екі партияда да тең ойнады.

Сәтбек Ахмединов бір партияда 2019 жылғы U16 әлем чемпионы Рудик Макарянмен тең түсті. Ал Арыстан Исанжұлов гроссмейстер Сергей Лобановпен екі рет кездесіп, екі матчта да жеңіліп қалды.

Екінші жартылай финалда Saint Louis University екі ойында да University of Texas at Dallas командасын жеңді – 3,5:0,5 және 3:1. Осылайша, финалда Ural State Mining University (Ресей) Saint Louis University (АҚШ) құрамасымен кездеседі. Ал KNUS қола жүлде үшін University of Texas at Dallas (АҚШ) командасымен ойнайды.

Шешуші матчтар 9 тамыз күні өтеді. Финал мен үшінші орын үшін алғашқы ойындар 11:00-де, жауапты кездесулер 15:00-де басталады. Есеп тең болған жағдайда тай-брейктер қарастырылған.

Айта кетейік, тарихтағы алғашқы FIDE World University Team Chess Championship турнирінің жалпы жүлде қоры 50 мың еуроны құрайды. Жеңімпаз 25 мың, күміс жүлдегер 15 мың, ал қола жүлдегер 10 мың еуро алады.

Қазақстандық ЖОО Алматыдағы шахматтан командалық ӘЧ-да қола үшін ойнайды – sport-hub