Алишер Сүлейменов Бразилиядағы халықаралық турнирде топ жарды

Фото: kazchess
Қазақстандық гроссмейстер Алишер Сүлейменов Бразилияда өткен X Torneio Internacional de Xadrez SESC Caiobá халықаралық шахмат турнирінің жеңімпазы атанды.
Жарыс 28 маусым мен 5 шілде аралығында Бразилияның Матиньюс қаласында өтті. Турнирге Оңтүстік Американың түкпір-түкпірінен келген 150 шахматшы қатысты.
Классикалық шахмат бойынша негізгі турнирде Сүлейменов тоғыз партияның сегізінде жеңіске жетіп, 8 ұпаймен бірінші орынды иеленді. Жарыс барысында қазақстандық шахматшы Аксель Бахман, Луис Паулу Супи және Яго Сантьяго секілді тәжірибелі гроссмейстерлермен кездесті.
Ал классика, рапид және блиц нәтижелері бойынша анықталған шахмат триатлонының жалпы есебінде Алишер Сүлейменов екінші орын алды. Бұл сында ол тек бразилиялық гроссмейстер Александр Фиераға жол берді.