Тимур Турлов ФИДЕ президентінің орынбасары қызметіне үміткер атанды

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Kazchess

Фото: Kazchess

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов ФИДЕ президентінің орынбасары қызметіне үміткер ретінде өз кандидатурасын ұсынды.

Сайлау 26–27 қыркүйекте Самарқанд қаласында өтеді. Бұл күндері қалада 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы және ФИДЕ Бас ассамблеясы ұйымдастырылады.

Ережеге сәйкес, президент пен оның орынбасары бір тізіммен сайланады. Тимур Турлов қазіргі ұйым басшысы Аркадий Дворковичтің командасына кірді, ол да қайта сайлануға ниетті.

«Соңғы 3,5 жылда қол жеткізілген нәтижелер маған бір қарапайым шындықты көрсетті: Қазақстанда қолданып жүрген тәсіл тиімді және оны жаһандық деңгейде де кеңінен енгізуге болады.

Менің мақсатым ФИДЕ жұмысына тұрақтылық, тепе-теңдік және өзара түсіністік әкелу. Ал технологиялық кәсіпкер ретінде федерацияны цифрландыруға үлес қоса аламын. Бұл тұрғыда мен тек өзімді ғана емес, Қазақстанды да таныстырамын. Себебі бүгінгі Қазақстан – цифрлық, технологиялық және тұрақты мемлекет», – деді Турлов.

Айта кетейік, 2023 жылдан бері Турлов Қазақстан шахмат федерациясының президенті қызметін атқарып келеді. Оның жетекшілігімен ұйым бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырды. Олардың қатарында жас дарындарды қолдау бағдарламасы, «Шахматты білім беру жүйесіне енгізу» жобасын дамыту, шахмат мектептерін аккредитациялау жүйесін енгізу және KazChess ID бірыңғай цифрлық платформасын іске қосуға дайындық бар.