Инфантино ФИФА-ның жаңа жобасына байланысты федерацияларға жүгінеді

ҚФФ
ФИФА президенті Джанни Инфантино FIFA Forward Enterprise атты жаңа коммерциялық құрылым жобасын 211 ұлттық федерацияға жеке таныстырмақ.
Politico басылымының мәліметінше, Инфантино барлық 211 ұлттық футбол федерациясының өкілдеріне арнайы видеоүндеу жолдаған. Онда ФИФА басшысы FIFA Forward Enterprise (FFE) жобасының егжей-тегжейін және оны жүзеге асырудың негізгі артықшылықтарын түсіндіреді.
Жаңа құрылым ФИФА-ның коммерциялық қызметінің бір бөлігін біріктіріп, жеке инвесторларды тартуды көздейді. Ұйымның мәлімдеуінше, бұл жоба футболды дамыту бағдарламаларын қаржыландыру көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Thrive Capital инвестициялық компаниясы Еуропа, Азия және Латын Америкасындағы егеменді қорларды, ірі қаржы ұйымдарын және инвесторларды тарту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Осылайша халықаралық инвесторлар пулын қалыптастыру жоспарлануда.
Жобаны қарау екі кезеңде өтеді. Алдымен ұлттық федерациялар FFE жобасы бойынша жұмысты жалғастыру мәселесіне дауыс береді. Одан кейін 211 қауымдастықтың әрқайсысы құрылымға қосылу-қосылмау туралы жеке шешім қабылдайды.
Бұған дейін УЕФА ФИФА-ның жеке капитал тарту бастамасына қарсы шыққан болатын. Еуропалық ұйым футболды басқару коммерциялық мәміленің нысанына айналмауы тиіс екенін мәлімдеді.