«Интер» мен «Милан» жаңа стадион жобасын таныстырды

«Милан» ФК
Италиялық «Интер» және «Милан» футбол клубтары 71,5 мың көрерменге арналған ортақ стадионның жобасын ресми түрде таныстырды. Жаңа арена Generali Stadium деп аталады.
Болашақ стадионның архитектуралық тұжырымдамасын Foster + Partners және MANICA компаниялары әзірлеген. Жоба қазіргі «Сан-Сиро» стадионының атмосферасын сақтауды көздейді.
Жаңа аренада алаңды 360 градус бойымен қоршайтын екі деңгейлі трибуналар болады. Қақпалардың артындағы жанкүйерлер секторларының еңіс бұрышы 37 градусқа дейін жетеді. Стадионның басты архитектуралық ерекшеліктерінің бірі – Х пішініндегі қасбет құрылымдары мен күн панельдері орнатылған иілген шатыр.
Сондай-ақ жоба аясында стадион маңындағы 281 мың шаршы метр аумақ абаттандырылады. Бұл жерде қоғамдық кеңістіктер, жасыл аймақтар, сауда нысандары мен демалыс орындары ашылады. Кешен футбол матчтарымен қатар концерттер мен басқа да іс-шараларды өткізуге бейімделеді.
Generali Stadium атауы италиялық Generali сақтандыру тобымен байланысты. Компания клубтармен стадион атауына қатысты ұзақ мерзімді келісім жасасқан. Сонымен қатар екі команданың ресми сақтандыру серіктесі болады.
Құрылыс жұмыстары 2028 жылы басталады деп жоспарланған. Жаңа стадиондағы алғашқы ресми матч 2031/32 жылғы маусымда өтуі тиіс. Алайда жобаның жүзеге асуы қажетті рұқсаттардың алынуына байланысты. Жаңа кешен пайдалануға берілгенге дейін «Интер» мен «Милан» үй матчтарын «Сан-Сирода» өткізуді жалғастырады.