«Арсенал» капитаны клубтан кетуі мүмкін

«Арсенал» ФК
Лондондық «Арсенал» клубының капитаны Мартин Эдегор бірнеше еуропалық команданың назарында. Алайда Англия чемпионы норвегиялық жартылай қорғаушыны құрамда сақтап қалуды көздеп отыр.
Инсайдер Экрем Конурдың мәліметінше, әлеуетті сатып алушы клубтардың өкілдері 27 жастағы футболшының өнерін бақылап жүр. Олардың қатарында Мюнхеннің «Бавариясы» да бар. Дегенмен «Арсенал» Эдегорды негізгі ойыншылардың бірі санап, онымен келісімшартты ұзарту жұмыстарын жүргізуде.
Норвегиялық футболшының лондондық клубпен қазіргі келісімі 2028 жылдың 30 маусымына дейін жарамды. «Зеңбірекшілер» басшылығы капитан келісімшартының соңғы жылына жаңа келісімсіз кіріп кетпеуі үшін келіссөздерді алдын ала аяқтауды жоспарлап отыр.
Еске салайық, Эдегор 2021 жылдың қаңтарында мадридтік «Реалдан» жалға алу шартымен «Арсеналға» ауысты. Бірнеше айдан кейін лондондық клуб оның трансферін толық сатып алды. Ал 2022/23 жылғы маусым алдында норвегиялық футболшы команда капитаны болып тағайындалды.
Оның капитандығымен «Арсенал» 2025/26 жылғы маусымда Англия Премьер-лигасының чемпионы атанды. Бұл клубтың 22 жыл ішіндегі алғашқы чемпиондық атағы болды.
Осы маусымның басында Эдегор Микель Артета командасының негізгі ойыншыларының бірі болып қала берді. Қазан айының ортасына қарай жартылай қорғаушы барлық турнирде өткізген 10 матчта төрт гол соқты.