Басты бет
·
Футбол

«Эвертон» тәртіп бұзғаны үшін Джек Грилишті матч құрамынан шығарды

Бекарыс Әлімхан··
«Эвертон» ФК

«Эвертон» ФК

Англияның «Эвертон» клубы жартылай қорғаушы Джек Грилишке қатысты тәртіптік шара қолданып, оны Англия лигасы кубогының 1/8 финалындағы «Ньюкаслға» қарсы матчтың өтінімінен алып тастады.

Клуб бұл шешімді кубоктік кездесуге арналған құрамды жариялау кезінде хабарлады. Ресми мәлімдемеде 31 жастағы футболшының ішкі тәртіп талаптарын бұзуына байланысты ойынға қатыспайтыны айтылды.

Британдық БАҚ-тың мәліметінше, бұған футболшының клуб басшылығының рұқсатынсыз жаттығуға келмеуі себеп болған. Грилиш 26 қазандағы жаттығуға қатыспағанымен, кейін командамен бірге дайындықты қайта бастаған. Алайда клуб тәртіп бұзушылықтың нақты мән-жайын ашқан жоқ.

Грилиш «Манчестер Ситиден» жалға алу негізінде «Эвертон» сапында екінші маусым қатарынан өнер көрсетіп жүр. Өткен маусымда ол Премьер-лигада 20 матч өткізіп, екі гол соғып, алты нәтижелі пас берді. Алайда аяқ жарақатына байланысты маусымды мерзімінен бұрын аяқтаған болатын.

Бұған дейін ағылшын футболшысы сырқатына байланысты «Арсеналға» қарсы кездесуді де (0:2) өткізіп алған еді. Әзірге тәртіптік шараның «Эвертонның» келесі ойындарына әсер ететіні белгісіз.

Айта кетейік, Грилишсіз алаңға шыққан Дэвид Мойестің командасы «Ньюкаслды» 3:1 есебімен жеңіп, Англия лигасы кубогының ширек финалына жолдама алды. Енді «Эвертон» бұл кезеңде «Флитвуд Таунмен» кездеседі.

«Эвертон» тәртіп бұзғаны үшін Джек Грилишті матч құрамынан шығарды – sport-hub