Иран құрамасы әлем чемпионаты қарсаңында Сиэтлге дер кезінде ұша алмады

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Иран құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі Мысырға қарсы шешуші матч алдында күтпеген қиындыққа тап болды.

Иран футбол федерациясының мәліметінше, АҚШ билігінің араласуынан кейін команданың Сиэтлге ұшуы кейінге шегерілген.

Иран тарапының хабарлауынша, әуежайда АҚШ-тың шекара қызметі ұлттық құраманың капитаны Мехди Тареми мен бас бапкердің көмекшісі Саид Әлхойды уақытша ұстаған. Мәселе шешілгенге дейін делегацияның қалған мүшелері де ұшып кете алмай, әуежайда күтуге мәжбүр болды.

Айта кетейік, Иран құрамасының АҚШ-қа сапары төңірегіндегі мәселе әлем чемпионаты басталмай тұрып-ақ туындаған еді. Бастапқыда америкалық тарап футболшылардың елге матчқа бір күн қалғанда ғана кіруіне рұқсат берген. Алайда Иран футбол федерациясы ФИФА-ға ресми шағым түсіретінін мәлімдегеннен кейін бұл шешім қайта қаралып, командаға АҚШ-қа ойыннан екі күн бұрын келуге мүмкіндік берілді.

Мысыр мен Иран арасындағы матч 27 маусым күні Сиэтлдегі «Люмен Филд» стадионында өтеді.

Екі турдан кейін Мысыр құрамасы 4 ұпаймен G тобында көш бастап тұр. Ал 2 ұпай жинаған Иран екінші орында орналасып, плей-оффқа шығу мүмкіндігін сақтап келеді.