Ирина Юнусметова нысана көздеуден әлем чемпионатының тарихи жүлдесін жеңіп алды

Фото: issf-sports.org
Қазақстан құрамасының өкілі Ирина Юнусметова Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан нысана көздеу және стенд атудан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Қазақстандық спортшы 50 метр қашықтықтан шағын калибрлі тапаншамен нысана көздеу сайысында үздік үштікке енді. Юнусметова 537 ұпай жинап, қорытынды есепте үшінші орынға ие болды.
Алтын медальді 546 ұпай жинаған Түркия өкілі Шеввал Илайда Тархан жеңіп алды. Екінші орын 542 ұпай еншілеген армениялық спортшы Эльмира Карапетянға бұйырды.
Юнусметованың қола жүлдесі Қазақстан үшін тарихи жетістік болды. Бұған дейін отандық мергендер әлем чемпионатында осы дисциплина бойынша жүлдегерлер қатарына енбеген еді.
Айта кетейік, Дохадағы әлем чемпионаты 1-14 қараша аралығында өтеді.