Басты бет
·
Басқа спорт түрлері

Қазақстандық семсерлесушілер Бахрейндегі Азия чемпионатында екі алтын медаль жеңіп алды

Али Асетов··
ҚР ҰОК

ҚР ҰОК

Қазақстанның семсерлесу құрамасы Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында қоржынға екі алтын және екі қола медаль салды.

Қазақстандық спортшылар екі чемпиондық атақты командалық жарыста жеңіп алды. Ерлер арасында семсерлесуден Михаил Кузьмин, Кирилл Проходов, Георгий Тинников және Жанарбек Жанұзақов финалға дейін жетіп, шешуші кезеңде Гонконг құрамасынан басым түсті.

Қылыштасудан әйелдер құрамасы да осындай нәтижеге қол жеткізді. Диляра Исабекова, Полина Ко, Әдемә Серікбай және Қайша Жәнібек финалда Гонконг өкілдерін жеңді.

Қазақстан құрамасы командалық сайыстың тағы екі түрінен жүлдегер атанды. Ерлер арасында қылыштасудан Бексұлтан Абжал, Қуаныш Ерғашбай, Ерхан Қараман және Қайназар Нұрқатұлы үшінші орын алды. Ал әйелдер арасында рапирадан София Ақтаева, Ксения Андреева, Алёна Гноева және Алина Искандерова қола медаль жеңіп алды.

Бұған дейін қазақстандық семсерлесушілер жекелей сында да көзге түскен еді. Кирилл Проходов семсерлесуден Азия чемпионы атанса, Мария Лесовская күміс, Полина Лесовская қола медаль иеленді. Қылыштасудан Қайша Жәнібек екінші орынға көтерілсе, Диляра Исабекова жарысты үшінші орынмен аяқтады.

Осылайша, Қазақстан құрамасының құрлық біріншілігіндегі медаль саны тоғызға жетті. Оның үшеуі – алтын, екеуі – күміс, төртеуі – қола.

Қазақстандық семсерлесушілер Бахрейндегі Азия чемпионатында екі алтын медаль жеңіп алды – sport-hub