Испания құрамасының бапкері Аргентинаның ӘЧ финалынан кейінгі әрекетін қатал сынға алды

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Испания құрамасының бас бапкері Луис де ла Фуэнте 2026 жылғы әлем чемпионатының финалынан кейін Испания мен Аргентина арасындағы кездесуден соң болған оқиғаларға қатысты пікір білдірді.

Турнирдің шешуші матчында испаниялықтар Аргентина құрамасын 1:0 есебімен жеңіп, тарихта екінші рет әлем чемпионы атанды.

Алайда ойын аяқталғаннан кейінгі мерекелік көңіл-күй көп ұзамай шиеленіске ұласты. Алаңда екі команда футболшылары арасында бірнеше қақтығыс болды. Әсіресе Аргентина құрамасы өкілдерінің әрекеті көпшіліктің назарын аударып, түрлі пікір тудырды.

Испания құрамасының тәлімгері мұндай мінез-құлық халықаралық деңгейде өнер көрсететін ойыншыларға жараспайтынын атап өтті.

«Финалдық ысқырықтан кейін болған барлық жағдайды көрген жоқпын, себебі сол сәтте командамен бірге болып, чемпиондық атақты жеңіп алғанымызға қуанып жаттым. Бірақ мұндай әрекеттерге жол берілмеуі керек, әсіресе осындай деңгейдегі футболшылар арасында. Мен бұл ойыншылар туралы әрдайым құрметпен айтып, олардың кәсібилігін бағалайтынмын. Сонымен қатар өз шәкірттерімнің әрекетін ерекше атап өткім келеді – олар эмоцияға берілмеді, арандатуға жауап қайтармады және лайықты мінез көрсетті», – деді де ла Фуэнте TVE арнасына берген сұхбатында.

Кейін бұқаралық ақпарат құралдарында Леандро Паредес финал аяқталғаннан кейін тікелей қызыл қағаз алғаны туралы ақпарат тарады. Алайда чемпионатты ұйымдастырушылар бұл мәліметтің ақпаратты көрсету жүйесіндегі техникалық ақауға байланысты пайда болғанын түсіндірді.

Осылайша, Аргентина жартылай қорғаушысының ресми түрде алаңнан қуылғаны тіркелген жоқ, ал матчтың қорытынды хаттамасы өзгеріссіз қалды.

Еске салсақ, Луис де ла Фуэнте бастаған Испания құрамасы Аргентинаны 1:0 есебімен жеңіп, тарихында екінші рет әлем чемпионатын жеңіп алды.