Италиялық «Эмполи» клубы итпен келісімшарт жасасты

«Эмполи» ФК
Италияның В сериясында өнер көрсететін «Эмполи» футбол клубы Мауи есімді итті команданың жаңа бойтұмары ретінде таныстырып, онымен символикалық келісімшарт жасасты.
Клуб төрт аяқты жаңа мүшесін футболшыларды таныстыру рәсіміне ұқсас форматта қарсы алды. Мауидің мойнына «Эмполидің» фирмалық шарфын тағып, арнайы фотосессия ұйымдастырды.
Мауи – бордер-колли тұқымдас ит. Клуб жаңа бойтұмары туралы ресми әлеуметтік желілерінде хабарлап, оны жанкүйерлерге команданың атрибутикасымен таныстырды.
Енді Мауи «Эмполидің» түрлі іс-шараларына қатысып, стадионда және клубтың медиажобаларында бой көрсетеді.
Айта кетейік, «Эмполи» биыл Италия чемпионатының екінші дивизионында өнер көрсетіп жатыр. Команда 11 матчта тоғыз ұпай жинап, турнирлік кестеде төменгі лигаға түсіп қалу аймағында орналасқан.