Кабо-Верде Уругвайдан ұпай жұлып алды

ФИФА
2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші турда Уругвай мен Кабо-Верде құрамалары тең түсті. Майамиде өткен кездесу 2:2 есебімен аяқталды.
Матчтағы есепті 21-минутта Кабо-Верде құрамасының жартылай қорғаушысы Кевин Ленини ашты. Алайда бірінші таймның соңына қарай уругвайлықтар ойын барысын өз пайдасына өзгертті. 44-минутта Максимилиано Араухо мергендік танытса, бірінші таймға қосылған уақытта Агустин Каноббио командасын алға шығарды.
Екінші таймда Кабо-Верде таразы басын қайта теңестірді. 61-минутта шабуылшы Элио Варела қарсылас қақпасын дәл көздеп, матчтың қорытынды есебін белгіледі – 2:2.
Екі турдан кейін Испания төрт ұпаймен Н тобында көш бастап тұр. Уругвай мен Кабо-Верде екі ұпайдан жинаса, Сауд Арабиясы бір ұпаймен соңғы орында келеді.
Топтық кезеңнің соңғы турында 27 маусым күні Уругвай Испаниямен кездеседі, ал Кабо-Верде Сауд Арабиясына қарсы ойнайды.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты 12 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтуде.