Карлос Алькарас ATP-2026 қорытынды турниріне мерзімінен бұрын жолдама алды

Фото: Getty Images
Карлос Алькарас қараша айында Туринде өтетін ATP қорытынды турниріне қатысу құқығын мерзімінен бұрын қамтамасыз етті.
Испаниялық теннисші үшін бұл беделді жарысқа қатарынан бесінші рет қатысу болмақ.
ATP баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Үлкен дулыға» турнирлерінің жеті дүркін жеңімпазы маусым қорытындысы бойынша үздік сегіздікке кіріп, Туриндегі жарысқа жолдамасын қамтамасыз еткен ойыншылардың қатарына қосылды. Бұған дейін Германия өкілі Александр Зверев пен италиялық Янник Синнер де жолдама алған болатын.
2026 жылғы US Open турнирі аяқталғаннан кейінгі ATP чемпиондық жарысының қазіргі кестесінде Алькарас төртінші орында тұр. Оның еншісінде 4050 ұпай бар.
Испаниялық теннисші биыл екі турнирде жеңіске жетті. Жыл басында Алькарас Australian Open турнирінің чемпионы атанса, кейін Дохада өткен ATP-500 санатындағы жарыста топ жарды.
ATP-2026 қорытынды чемпионаты 15-22 қараша аралығында өтеді. Жарыс Италияның Турин қаласында ұйымдастырылады.
Өткен жылғы турнирдің жеңімпазы Янник Синнер болды. Италиялық теннисші финалда дәл осы Алькарасқа қарсы ойнап, жеңіске жеткен еді.