Карпович «Астанадан» жеңілген матчты ең масқара ойын деп атады

«Елімай» ФК
«Елімай» клубының бас бапкері Андрей Карпович Қазақстан Премьер-лигасының 25-турында «Астанадан» 0:4 есебімен жеңілгеннен кейін жанкүйерлер мен клуб басшылығынан кешірім сұрады.
Маман семейлік команданың жанкүйерлеріне алғысын білдірді. Олар команда қақпасына төртінші гол соғылғаннан кейін де футболшыларды қолдауын жалғастырған.
«Ең алдымен, клуб басшылығынан, демеушілеріміз бен серіктестерімізден, облыс басшылығынан және, әрине, бізді қолдауға келген жанкүйерлерден кешірім сұрағым келеді. Тіпті есеп 0:4 болған кезде де олар “Елімай” деп қолдау көрсетті. Бұл үшін оларға айрықша алғыс айтамын. Барлығынан өз атымнан және команданың атынан үлкен кешірім сұраймын. Ойын туралы айту өте қиын. Бәлкім, менің бапкерлік мансабымдағы ең нашар әрі ең масқара матч осы шығар.
«Астананың» мықты команда екені рас, бұған ешқандай күмән жоқ. Өкінішке қарай, біз жалпы алғанда ең нашар ойынымызды өткіздік. Бұл масқара әрі ұят болды. Мұны ашық айту керек. Мен жігіттерге бұл ұят пен масқараны бірге өткеретінімізді айттым. Қазір бұдан артық пікір білдіргім келмейді, оның мәні де жоқ шығар. Тағы да баршаңыздан кешірім сұраймын. «Елімайдағы» жұмысымның барлық кезеңінде, өкінішке қарай, мінезі, психологиялық дайындығы және басқа да барлық аспектілері бойынша бұл біздің ең әлсіз командамыз болды», — деді Карповичтің сөзін клубтың баспасөз қызметі келтіреді.
Кездесу 6 қыркүйекте «Астана Аренада» өтті. Иван Башич дубль жасаса, тағы бір-бір голдан Марин Томасов пен Рамазан Каримов соқты.
23 матчтан кейін «Елімай» 32 ұпай жинап, ҚПЛ турнирлік кестесінде алтыншы орында тұр.