«Кек алушылар: Құпия соғыстар» фильмінің түсірілімі 2027 жылға шегерілуі мүмкін

Фото: Marvel
Marvel Studios «Кек алушылар: Құпия соғыстар» фильмінің негізгі түсірілім жұмыстарын 2027 жылдың қаңтарына шегеруі мүмкін.
World of Reel мәліметінше, фильм өндірісі келесі жылдың басына ауысқан. Бұған дейін түсірілім жұмыстары 2026 жылдың күзінде басталады деп хабарланған еді. Алайда Marvel Studios түсірілімнің кейінге шегерілгенін немесе оның нақты басталу күнін ресми түрде растаған жоқ.
Өндіріс кестесіндегі өзгеріс фильмнің прокатқа шығу мерзіміне қатысты сұрақ туғызды. Қазір «Құпия соғыстар» фильмінің премьерасы 2027 жылдың 17 желтоқсанына жоспарланған. Егер түсірілім қаңтарда басталып, көктемде аяқталса, фильмді түсіру және постөндіріс жұмыстарына шамамен 11 ай ғана қалады. Студия әзірге фильмнің премьерасын 2028 жылға шегеретіні туралы мәлімдеген жоқ.
Айта кетейік, «Құпия соғыстар» «Кек алушылар: Доктор Дум» фильміндегі оқиғаларды жалғастырады. Оның Қазақстандағы премьерасы 2026 жылдың 17 желтоқсанына, ал әлемдік премьерасы 18 желтоқсанға жоспарланған. Екі фильмді де «Кек алушылар: Шексіздік соғысы» және «Кек алушылар: Финал» фильмдерін түсірген Энтони және Джо Руссо режиссерлік етеді.
«Құпия соғыстар» Marvel киновселениесінің алтыншы кезеңін аяқтайтын фильм болып, Мультиғалам дастанының соңғы бөліміне айналады деп күтіледі. Қазіргі таңда студия фильмнің сюжеті мен толық актерлік құрамын жариялаған жоқ.