Хаби Алонсо Сәтпаев пен «Челси» жастарына не күтетінін айтты

Аружан Талгат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

«Челси» клубының бас бапкері Хаби Алонсо «Тоттенхэмге» қарсы маусым алдындағы турненің соңғы ойыны алдында командадағы жас ойыншылар қандай қағидаларды ұстануы керектігін айтты. Испаниялық маман мысал ретінде Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаевты да атап өтті.

Баспасөз мәслихатында журналистердің бірі Коул Палмер үшін не маңызды алаңдағы еркіндік пе, әлде бапкердің нақты талаптары ма деген сұрақ қойды.

Алонсо бұл екеуін бір-бірінен бөлу мүмкін емес екенін жеткізді.

«Тәртіп футболшыға еркіндік береді. Ойыншы өз міндетін нақты түсінгенде, ол талантын толық аша алады. Бірақ сонымен қатар, егер біз шын мәнінде мықты команда болғымыз келсе, бәрі ұстануға тиіс негізгі қағидалар бар».

Кейін Алонсо шабуыл шебіндегі ойыншыларды атап өтіп, талаптардың барлығына бірдей екенін айтты.

«Коул Палмер, Жоау Педру, Морган Роджерс, Джейми Гиттенс және Дастан Сәтпаев — барлығы бірдей ойлап, бір жүйеде жұмыс істеуі керек. Мықты команда дәл осылай құрылады».

Осылайша, Сәтпаев «Челси» бас бапкері қазірдің өзінде сенім артатын футболшылардың қатарына енді. 17 жастағы қазақстандық үшін бұл Алонсоның жоспарында бар екенін және негізгі құрамда орнығуға мүмкіндік алып жатқанын білдіреді.

Еске салсақ, бұған дейін «Вестерн Сидней Уондерерсқа» қарсы жолдастық кездесуде (6:4) Сәтпаев «Челси» сапындағы алғашқы голын соғып, бапкерлер штабы тарапынан оң баға алған еді.

Келесі матчты лондондық клуб 1 тамыз күні «Тоттенхэмге» қарсы өткізеді. Кездесу Астана уақытымен 14:45-те басталады.