Харри Кейн 30 жылдан кейін «Алтын допты» иеленген Бундеслиганың алғашқы футболшысы атанды

Фото: DFL
Харри Кейн Германияның «Бавария» клубында өнер көрсетіп жүріп, соңғы 30 жылда Бундеслига өкілдері арасында «Алтын допты» жеңіп алған алғашқы футболшы атанды.
33 жастағы футболшы Лондонда өткен марапаттау рәсімінде жүлдеге ие болды. Дауыс беру қорытындысы бойынша ол мадридтік «Реалдың» француз шабуылшысы Килиан Мбаппе мен «Барселонаның» испаниялық вингері Ламин Ямальдан басым түсті. Олар екінші және үшінші орындарға жайғасты.
Германия чемпионатынан «Алтын допты» соңғы рет 1996 жылы Маттиас Заммер жеңіп алған еді. Ол кезде дортмундтық «Боруссияның» қорғаушысы Бундеслига чемпионы атанып, Германия құрамасымен бірге Еуропа чемпионатында топ жарған болатын.
Кейн Бундеслигада өнер көрсетіп жүріп, «Алтын допты» иеленген жетінші футболшы атанды. Бұған дейін бұл марапат Герд Мюллерге (1970), Франц Беккенбауэрге (1972, 1976), Аллан Симонсенге (1977), Кевин Киганға (1978, 1979), Карл-Хайнц Руммениггеге (1980, 1981) және Маттиас Заммерге (1996) бұйырған. Қайталанған жеңістерді есептегенде, Германия чемпионаты өкілдерінің еншісінде енді 10 «Алтын доп» бар.
Бұл көрсеткіш бойынша Бундеслига Испанияның Ла Лигасы мен Италияның А сериясынан кейін тұр. Аталған чемпионаттар футболшылары «Алтын допты» тиісінше 24 және 18 рет жеңіп алған.
«Бавария» үшін де Кейннің жеңісі ерекше болды. Мюнхендік клубтың ойыншысы бұл марапатты соңғы рет 1981 жылы иеленген еді. Сол жылы Карл-Хайнц Румменигге қатарынан екінші рет «Алтын допты» жеңіп алды. Осылайша, клубтың 45 жылға созылған үзілісі аяқталды.
2025/2026 жылғы маусымда Кейн «Бавария» сапында барлық турнирде 51 матч өткізіп, 61 гол соқты. Сонымен қатар Англия құрамасы үшін тағы 12 гол енгізіп, маусымдағы жалпы көрсеткішін 73 голға жеткізді.
Кейн мюнхендік клубпен бірге Германия чемпионаты мен Кубогын жеңіп алды. Сондай-ақ Еуропа лигаларының үздік сұрмергеніне берілетін «Алтын бутсы» жүлдесін иеленді.