Басты бет
·
Футбол

Хавьер Тебас «Реалмен» жанжалдан кейін қызметінен айырылуы мүмкін

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Испанияның Ла Лига президенті Хавьер Тебас мадридтік «Реалмен» арадағы жанжалдың ушығуына байланысты қызметінен кету қаупіне тап болды. Бұған оның клуб туралы айтқан өткір пікірлері себеп болған.

Sport.es басылымының хабарлауынша, Испанияның Жоғары спорт кеңесі (CSD) Тебасты жауапқа тарту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Іс оның «Реалдың» ақпараттық саясаты мен клубтық телеарнасын нацистік Германияның үгіт-насихат әдістерімен салыстыруына байланысты қозғалған.

Бұл мәлімдеме мадридтік клубтың наразылығын тудырды. Енді CSD заң қызметі Ла Лига басшысына қатысты тәртіптік іс қозғауға негіз бар-жоғын анықтауы керек.

Егер іс әрі қарай қаралатын болса, Әкімшілік спорт трибуналына (TAD) ресми шағым түсуі қажет. Бұл орган ықтимал заңбұзушылықтарды қарап, Тебасты қызметінен шеттетуге дейінгі санкциялар туралы шешім қабылдай алады.

Мадридтік клуб пен Испания чемпионатының басшысы арасындағы жанжал Ла Лиганың тоғызыншы турында «Севильяға» қарсы өткен матчтан кейін қайта өршіді. Сол кездесуде «Реал» 4:1 есебімен жеңіске жеткен еді.

Ойын барысында «корольдік клубтың» жанкүйерлері Хавьер Тебастың есімі жазылған баннер ілді. Бұған жауап ретінде Ла Лига президенті мадридтік клубты қоғамдық пікірді манипуляциялады деп айыптады.

Өз кезегінде «Реал» ресми мәлімдеме жасап, клубтың ақпараттық саясатын нацистік Германияның әдістерімен салыстыруға болмайтынын жеткізді.

Екі тарап арасындағы келіспеушілік бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Мадридтік клуб Ла Лига басшылығын төрешілік, кірістерді бөлу және испан футболын басқару мәселелері бойынша бірнеше рет сынға алған.

Әзірге Тебасқа қатысты тәртіптік тергеу жүргізілуі мүмкін екені ғана айтылып отыр. Оны қызметінен шеттету туралы ресми шешім жоқ. Ла Лига президентінің болашағы испан спорт органдарының қорытындысына байланысты болмақ.

Хавьер Тебас «Реалмен» жанжалдан кейін қызметінен айырылуы мүмкін – sport-hub