Конор Макгрегор UFC 329 турниріндегі Холлоуэймен жекпе-жек алдында мәлімдеме жасады

Фото: Getty Images
Ирландиялық файтер Конор Макгрегор UFC 329 турнирінде Макс Холлоуэйге қарсы өтетін жекпе-жек алдында жанкүйерлерге үндеу жолдады.
UFC-дің екі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы чемпионы қолдау көрсеткен жанкүйерлеріне алғыс айтып, алдағы айқасқа дайындығы туралы айтты.
«Соңғы бірнеше күндегі махаббаттарыңыз, қолдауларыңыз бен жігер бергендеріңіз үшін баршаңызға рақмет! Соның арқасында қарқынды жаттығулар алдында өзімді өте қуатты сезініп жүрмін. Мені қоршаған командама өте ризамын. Жаттықтырушыларым мен спарринг-серіктестерім — біз алдағы сынға толықтай ден қойып отырмыз», — деп жазды Макгрегор X әлеуметтік желісінде.
Конор Макгрегор мен Макс Холлоуэй арасындағы жекпе-жек Лас-Вегастағы T-Mobile аренада өтетін UFC 329 турнирінің басты оқиғасы атанады. Айқас 12 шілде күні жартылай орта салмақ аясында өтеді.
Макгрегор соңғы жекпе-жегін 2021 жылы UFC 264 турнирінде өткізген еді. Ол кездегі қарсыласы америкалық Дастин Порье болды. Жекпе-жек бірінші раундта техникалық нокаут арқылы Макгрегордың жеңілісімен аяқталды. Ирландиялық сол кездесуде ауыр жарақат алып, сол аяқ тобығын сындырып алған еді.