«Көпшілік 5:0 болады деп күтті». «Қайрат» қорғаушысы еурокубоктағы жеңістен кейін пікір білдірді

Али Асетов··
Фото: shirobokalex / Instagram

Фото: shirobokalex / Instagram

Алматылық «Қайраттың» қорғаушысы Александр Широбоков УЕФА Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінің алғашқы матчында Черногорияның «Сутьескасын» жеңгеннен кейін өз ойын айтты.

Футболшының сөзінше, жанкүйерлердің ірі есеппен жеңіс күткені шынайы жағдайға сәйкес келмейді. Себебі еурокубоктарда осал қарсылас болмайды.

«Көпшілік біз 5:0 есебімен жеңуіміз керек еді деп айтты. Бірақ мен Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде әлсіз немесе оңай қарсылас болмайды деп есептеймін. Әрбір командаға құрметпен қарау қажет. Бүгін соған тағы бір мәрте көз жеткіздік. Қарсылас өте жинақы ойнап, қорғаныста сауатты әрекет етті. Сондықтан біз бұдан көп гол соға алмадық. Соған қарамастан жеңіске жетіп, қарымта матч алдында өзімізге шағын басымдық қалыптастырдық. Бұл алдағы ойынға оң әсерін тигізеді деп ойлаймын», – деп келтіреді Широбоковтың сөзін клубтың баспасөз қызметі.

Широбоков матчтың екінші таймы басталғаннан кейін алаңға шығып, команда капитаны Александр Мартыновичтің орнына ойынға қосылды.

Айта кетейік, алғашқы кездесу алматылық клубтың 2:1 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Қарымта матч 15 шілдеден 16 шілдеге қараған түні Черногорияның Никшич қаласында өтеді. Сол кездесуде УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама иегері анықталады.