«Краснодар» «Спартакқа» өтпей қалған Самородов үшін күреске қосылды

Аружан Талғат··
Фото: FC «Akhmat» Grozny

Фото: FC «Akhmat» Grozny

Максим Самородовтың «Ахматтан» кетуі мүмкін екені туралы әңгіменің жалғасы шықты. Жазғы трансферлік кезеңнің соңғы күнінде оның мәскеулік «Спартакқа» ауысуы жүзеге аспағаннан кейін Қазақстан құрамасының футболшысына «Краснодар» клубы да қызығушылық танытты.

«Ахмат» пен «Спартак» арасындағы келісім 10 қыркүйекте аяқталуға жақын болған. Инсайдер Иван Карповтың мәліметінше, тараптар ауысудың негізгі шарттарын күндіз-ақ келіскен. Алайда медициналық тексеріске байланысты процесс созылып кеткен.

Самородовтың шынашағынан алған жарақаты негізгі мәселеге айналды. Мәскеулік тарап мамандары медициналық тексеру нәтижелерін зерттегеннен кейін футболшыға қалпына келу үшін төрт-алты апта қажет болуы мүмкін деп есептеген. Ал Грозный клубы бұл жарақаттың Самородовқа толыққанды жаттығу жасап, ойнауына кедергі келтірмейтініне сенімді болған.

Нәтижесінде «Спартак» тәуекелге бармау туралы шешім қабылдап, трансферден бас тартты. Трансфер құны 650 млн рубльді құраса, тағы 200 млн рубльге дейін бонус ретінде қарастырылған.

Карповтың айтуынша, барлық мәселені түпкілікті шешіп, келісімді рәсімдеуге клубтардың уақыты қалмаған.

«Егер «Спартак» пен «Ахматтың» тағы бір күні болғанда, олар трансферді міндетті түрде аяқтар еді. Бірақ бағаны төмендетуге көп уақыт жұмсалды, оның өзі белгілі бір межеден төмен түсе алмайтын еді. Оған қоса медициналық тексеру болды. Сол кезде Самородов Мәскеуге ұшып барып, оның жарақатының аса маңызды емес екені анықталар еді. Бірақ, өкінішке қарай, бәрі басқаша болды. Енді қыста Самородовты алуға кем дегенде «Краснодар» да қосылды», – деп жазады инсайдер.

Трансфердің жүзеге аспағанынан үш күн өткен соң Самородов Махачкаланың «Динамосына» қарсы РПЛ матчында «Ахматтың» негізгі құрамында алаңға шықты. Қазақстандық футболшы 85 минут ойнап, нәтижелі пас берді. Ол командасының 3:2 есебіндегі жеңісіне үлес қосып, матчтың үздік ойыншысы атанды.

РПЛ-дің осы маусымында 24 жастағы вингер жеті матч өткізіп, бір нәтижелі паспен көзге түсті. Сонымен қатар Самородовтың «Ахматтағы» рөлі әлі де маңызды. Алдыңғы турда да қазақстандық футболшы чемпионаттың символикалық құрамына енген.