Самородов «Спартакқа» ауыса алмағаны туралы: «Еш өкінбеймін»

«Ахмат» ФК
«Ахмат» пен Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородов Мәскеудің «Спартак» клубына ауыса алмағаны туралы пікір білдірді.
Қазақстандық футболшы трансфер алдында медициналық тексеруден өткенін растады.
«Медициналық тексеруден өткенім рас па? Иә, мұнда жасыратын ештеңе жоқ. Бірақ, өкінішке қарай ма, әлде бақытыма орай ма, осылай болып, командада қалдым. Еш өкінбеймін. Қазір бұл туралы ойламаймын да. Мен осы командадамын, жұмысымды жалғастырып, клубыма пайдамды тигізуге тырысамын», – деп келтіреді Самородовтың сөзін «Матч ТВ».
Еске салайық, бұған дейін «Спартак» пен «Ахмат» футболшының трансфері бойынша келісімге келген еді. Алайда мәміле ойыншыларды тіркеу кезеңінің соңғы күні жүзеге аспай қалды. Мәскеулік клуб футболшының жарақат алған тобығына жасалған МРТ нәтижесін алғаннан кейін трансферден бас тартқан.
Самородов «Ахмат» сапында 2024 жылдың жазынан бері өнер көрсетіп келеді. Ол грозниялық клубқа «Ақтөбеден» ауысқан. 24 жастағы қазақстандық футболшының клубпен келісімшарты 2028 жылға дейін жарамды.