Криштиану Роналду Бруну Фернандешті «Әл Насрға» ауысуға көндірмек

Бегасыл Амирбай ··
Фото: FPF

Фото: FPF

Криштиану Роналду «Әл Насрдың» «Манчестер Юнайтед» клубының капитаны Бруну Фернандешті қатарға қосу әрекетіне қатысып жатыр.

TEAMtalk мәліметінше, Роналду Португалия құрамасындағы әріптесі Бруну Фернандешті жеке өзі «Әл Насрға» ауысуға үгіттеуде. Сауд Арабиясының клубы жартылай қорғаушының «Манчестер Юнайтедпен» жаңа келісімшарт бойынша келіссөздерінің созылып кетуін тиімді пайдаланғысы келеді.

Алайда ағылшын клубының бас бапкері Майкл Кэррик жаңа маусымда Фернандешке сенім артып отыр. Мамандар оны АПЛ чемпионы атағы үшін таласта команданың негізгі ойыншыларының бірі ретінде қарастырады.

Айта кетейік, өткен маусымда Бруну Фернандеш Англия Премьер лигасының бір маусымындағы нәтижелі пастар саны бойынша рекорд орнатып, 21 нәтижелі пас берді. Жалпы ол клуб сапында 327 матч өткізіп, 107 гол соғып, 108 нәтижелі пас авторы атанды.