Бруну Фернандеш АПЛ-ды Түркия чемпионатына ауыстыруы мүмкін

Бегасыл Амирбай ··
«Манчестер Юнайтед» ФК

«Манчестер Юнайтед» ФК

«Манчестер Юнайтед» клубының жартылай қорғаушысы Бруну Фернандеш жазғы трансферлік кезеңде түркиялық «Галатасарайға» ауысу нұсқасын қарастыруға дайын.

Ягыз Сабунджуоглуның мәліметінше, «Юнайтед» 31 жастағы португалиялық ойыншыны 75 миллион еуроға сатуды жоспарлап отыр. Алайда келісімшартта 65 миллион еуро көлеміндегі босату құны (опциясы) қарастырылған, сондықтан шетелдік клубтар осы соманы төлесе, футболшыны келіссөзсіз сатып ала алады.

Еске салайық, Бруну 2020 жылдан бері «Манчестер Юнайтед» сапында өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде ол барлық турнирде 327 матч өткізіп, 107 гол соғып, 108 нәтижелі пас берген.

2026 жылғы әлем чемпионатында жартылай қорғаушы ұлттық құрама сапында бес матчқа қатысып, бір нәтижелі паспен көзге түсті. Португалия құрамасы 1/8 финалда Испаниядан 0:1 есебімен жеңіліп, жарыс жолынан шыққан еді.

Айта кетейік, өткен маусымда «Галатасарай» Түркия чемпионы атанып, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды.