Криштиану Роналду ФИФА-ға тағылған айыптарға қатысты жазбаға реакция білдірді

Фото: Getty Images
Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду әлеуметтік желідегі әрекеті арқылы көпшіліктің назарын аударды.
Португалиялық шабуылшы 2026 жылғы әлем чемпионаты кезінде Аргентина құрамасына ФИФА тарапынан қолдау көрсетілді деген айыптар айтылған жазбаға «ұнайды» белгісін басқан.
Bolavip басылымының мәліметінше, сөз испаниялық Espejo Público бағдарламасының видеосы туралы болып отыр. Онда журналист Пилар Родригес Аргентинаның Англияны 2:1 есебімен жеңіп, финалға шыққанына қатысты пікір білдірген.
Журналист өз сөзінде Аргентина құрамасы төрешілік шешімдердің арқасында турнирде ұзаққа барды деп мәлімдеп, ФИФА басшылығының, соның ішінде ұйым президенті Джанни Инфантиноның әрекетін сынға алған.
«Аргентина бірнеше матч бұрын-ақ жарыстан шығып қалуы керек еді, егер өздеріне көрсетілген көмек болмағанда. Мені Аргентинаның өзі емес, ФИФА-ның ықпалы көбірек алаңдатады», – деді Родригес.
Айта кетейік, әлем чемпионатының финалында Аргентина құрамасы Испаниядан қосымша уақытта 0:1 есебімен жеңілді. Ал Португалия турнирді 1/8 финалда аяқтап, дәл осы Испанияға 0:1 есебімен жол берген болатын.
Бұл әлем чемпионаты Криштиану Роналду үшін мансабындағы соңғы мундиаль болды. Испанияға қарсы матч алдында 41 жастағы шабуылшы енді әлем чемпионаттарына қатыспайтынын мәлімдеген еді. Турнир барысында ол бес матчқа қатысып, үш гол соқты.