Криштиану Роналду Globe Soccer Awards сыйлығына үміткер атанды

Фото: x_@Cristiano
«Әл-Наср» клубының португалиялық шабуылшысы Криштиану Роналду Globe Soccer Awards-2026 нұсқасы бойынша Таяу Шығыстың үздік футболшысы атағына үміткер он ойыншының қатарына енді.
Сыйлықты ұйымдастырушылар үміткерлер тізімін жариялады. Роналдумен бірге бұл марапатқа оның командаластары Жоау Феликс пен Садио Мане таласады.
Сондай-ақ тізімге «Әл-Кадисия» ойыншылары Мусаб Әл-Жувайр мен Хулиан Киньонес, «Әл-Хиляль» футболшылары Яссин Буну мен Рубен Невеш, «Әл-Ахли» өкілдері Эдуард Менди мен Айван Тони және «Әл-Айн» ойыншысы Суфьян Рахими енді.
Айта кетейік, Роналду – бұл сыйлықтың қазіргі иегері. Португалиялық футболшы 2023, 2024 және 2025 жылдары қатарынан үш рет Таяу Шығыстың үздік ойыншысы атанған.
Жанкүйерлер арасындағы дауыс беру 18 қарашада басталып, 30 қарашаға дейін жалғасады.
Globe Soccer Awards марапаттау рәсімі 28 желтоқсанда Дубайда (БАӘ) өтеді. Биыл 17-рет ұйымдастырылатын салтанатты кеште жылдың үздік футболшылары, бапкерлері мен клубтары анықталады.