Басты бет
·
Футбол

Роналдудың жетінші нөмірін алған футболшы Португалияға жеңіс сыйлады

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Португалия құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының 2026/27 жылғы маусымындағы топтық кезеңнің соңғы турында Уэльсті 3:2 есебімен жеңді.

Кардиффте өткен кездесудің басты қаһарманы Карлуш Форбш атанды. Криштиану Роналду ұлттық құрамадағы мансабын аяқтағаннан кейін жетінші нөмірді алған жас футболшы жеңіс голын соқты.

Португалиялықтар 11-минутта есеп ашты. Жуан Невеш қарсыластың айып алаңы маңында допты тартып алып, Бруну Фернандешке пас берді. Ол дәл соққысымен қонақтарды алға шығарды.

Алайда араға екі минут салып Дэвид Брукс таразы басын теңестірді.

40-минутта Сорба Томас алаң иелерінің жылдам шабуылын нәтижелі аяқтап, Уэльсті алға шығарды. Дегенмен валлиялықтар үзіліске дейін басымдығын сақтай алмады.

43-минутта Педру Нету Франсишку Тринканның пасынан кейін есепті 2:2-ге жеткізді.

Екінші таймда Португалия құрамасының бас бапкері Жорже Жезуш жасаған ауыстыру шешуші рөл атқарды.

59-минутта алаңға шыққан Карлуш Форбш небәрі 11 минуттан кейін гол соқты. Жас футболшы оң қапталдан ортаға қарай ығысып, сол аяғымен қарсылас қақпасын дәл көздеді.

74-минутта Педру Нету алаңнан қуылып, Португалия он ойыншымен қалды. Соған қарамастан қонақтар жеңісті есепті сақтап қалды.

Бұл Португалия құрамасының Криштиану Роналду ұлттық құрамадағы мансабын аяқтағаннан кейінгі екінші кездесуі болды.

Бұған дейін Жорже Жезуш шәкірттері Даниядан өз алаңында 1:4 есебімен жеңілген еді. Ал оған дейін қатарынан төрт матчта жеңіске жеткен болатын.

УЕФА Ұлттар лигасы. А лигасы. 4-топ. 6-тур

Уэльс – Португалия – 2:3 (2:2)

Голдар: Фернандеш, 11 (0:1); Брукс, 13 (1:1); Томас, 40 (2:1); Нету, 43 (2:2); Форбш, 70 (2:3).

Алты турдың қорытындысы бойынша Португалия құрамасы бес жеңіс пен бір жеңілістен кейін 15 ұпай жинады.

Осылайша португалиялықтар топта бірінші орын алып, 2027 жылдың наурызында өтетін Ұлттар лигасының ширек финалына жолдама алды.

Ал Уэльс құрамасы үш ұпаймен топтық кезеңді төртінші орында аяқтады.

Роналдудың жетінші нөмірін алған футболшы Португалияға жеңіс сыйлады – sport-hub