Криштиану Роналду Португалия құрамасымен қоштасып, жанкүйерлеріне үндеу жолдады

Фото: Getty Images
Португалиялық шабуылшы Криштиану Роналду ұлттық құрамадағы мансабын аяқтағанын жариялады. 41 жастағы футболшы қоштасу видеосын жариялап, ұлттық команда сапында өткізген 23 жылын қорытындылады және жанкүйерлеріне ұзақ жылдар бойы көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтты.
Өз үндеуінде Роналду құрамадан мақтаныш сезімімен кетіп бара жатқанын жеткізді. Футболшының айтуынша, осы жылдар ішінде ол ұлттық команда үшін бар күшін салған. Ал Португалияның намысын қорғау өміріндегі басты жетістіктерінің бірі.
«Ұлттық құрамадағы уақытым аяқталды. Бірге жүріп өткен жолымызды мақтан тұтамын және Португалия үшін қолымнан келгеннің бәрін жасағаныма сенімдімін. Бірақ командамен қоштасу оның жетістіктеріне алаңдамаймын деген сөз емес. Мен әлі де футболшыларымызға жанкүйер болып, жеңістеріне қуанамын және қиын сәттерде қолдау көрсетемін. Өмір бойы футболдағы ең үздік ойыншы болуды армандадым. Алайда уақыт өте келе мен үшін ең құндысы – өз елімнің атынан өнер көрсету екенін түсіндім», – деді Роналду.
Шабуылшы португалиялық жанкүйерлерге де ерекше алғыс білдірді. Ол Мадейра аралындағы балалық шағын, үлкен футбол мансабын армандаған кездерін еске алып, отандастарының қолдауы сол арманына жетуге көмектескенін айтты.
«Бірге өткізген 23 жыл үшін рақмет! Маған сенім артқандарыңыз, қолдауларыңыз және кезінде футбол ойнауды ғана жақсы көрген Мадейралық баланың арманын орындауға көмектескендеріңіз үшін алғыс айтамын. Ұлттық құраманың жейдесін кигенімді әрдайым мақтан тұтамын. Қай жерде жүрсем де, Португалия жүрегімде қалады», – деп толықтырды футболшы.
Еске салайық, Роналду ұлттық құрамадағы дебютін 2003 жылдың 20 тамызында Қазақстанға қарсы жолдастық кездесуде жасаған. Ол кезде футболшы 18 жаста еді.
Криштиану Еуропа чемпионы атанып (2016), УЕФА Ұлттар лигасын екі рет (2019, 2025) жеңіп алды. Сондай-ақ ол ерлер арасындағы ұлттық құрамалар сапында өткізген матчтар мен соққан голдар саны бойынша әлемдік рекордтарды жаңартты.
Осылайша, Қазақстанға қарсы матчтан басталған Роналдудың Португалия құрамасындағы 23 жылдық жолы аяқталды.