«Күн сайын жағдайға қарай әрекет етемін»: Рыбакина US Open-дегі жеңісінен кейін пікір білдірді

Фото: Jimmie48
WTA рейтингінде екінші орында тұрған қазақстандық теннисші Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының бірінші айналымында америкалық Теа Фродинді жеңгеннен кейін әсерімен бөлісті.
Қазақстандық теннисшінің қарсыласы әлемдік рейтингте 580-орында тұрған 17 жастағы америкалық болды.
Кездесуден кейін Елена қарсыласының мықты тұстарын атап өтіп, матчтың оңай болмағанын айтты.
«Ол бүгін шынымен жақсы ойнады. Соққылары өте қуатты, добы да жақсы берілді, сондықтан матч оңай болған жоқ. Осында болғаныма және осы турнирде қайта ойнағаныма өте қуаныштымын. Бізге келіп, қолдау көрсеткен барша жанкүйерге ерекше алғыс айтқым келеді. Мұнда керемет атмосфера бар, маған бұл өте ұнайды. Енді келесі матчты асыға күтемін», — деді Рыбакина.
Қазақстандық теннисші мәжбүрлі үзілістен кейінгі физикалық жағдайы туралы да айтып берді. Оның сөзінше, қазір дайындықты асықпай жүргізіп, ағзасының жағдайын мұқият бақылау өте маңызды.
«Біртіндеп әрекет етіп, жағдайды күн сайын бақылап отырамын. Әрине, матч өткізіп, жеңіске жетіп, турнирді жалғастырып жатқаныма қуаныштымын. Ал ертең өзімді қалай сезінетінім белгілі болады. Ұзақ үзілістен кейін іс жүзінде жаттыққан жоқпын, физикалық тұрғыда да көп дайындалмадым. Сондықтан қазір асықпай, шағын қадамдармен алға жылжуға тырысып жатырмын. Мен үшін ең бастысы қалпыма келу және ағзама көңіл бөлу. Әзірге бәрі жақсы деп айта аламын», — деді Рыбакина.
Нью-Йорктегі турнир алдында әлемнің екінші ракеткасы үшін соңғы жарыс Цинциннатиде өткен WTA 1000 санатындағы хард турнирі болды. Рыбакина онда ширек финалға дейін жетіп, WTA рейтингінде сегізінші орында тұрған польшалық Ига Швёнтекпен кездесті.
Алайда қазақстандық теннисші кездесуді аяқтай алмады. Есеп 1:4 болып тұрған кезде Елена жарақатына байланысты матчты жалғастырудан бас тартты.
Өткен жылғы US Open турнирінде де Рыбакина 1/8 финалға дейін жеткен болатын. Енді қазақстандық теннисші биылғы жарыстағы өнерін жалғастырып, екінші айналымдағы матқа дайындалып жатыр.