Ла Лига ауқымды кибершабуылдан кейін жанкүйерлердің жеке деректері тарағанын мәлімдеді

Фото: Ла Лига
Испанияның Ла Лига чемпионаты кибершабуылға ұшырады. Соның салдарынан хакер чемпионат пен бірқатар футбол клубтарының цифрлық сервистерін пайдаланатын жанкүйерлердің жеке мәліметтеріне қол жеткізген.
Оқиға 14–16 қараша аралығында болған. Киберқылмыскер жанкүйерлерге қызмет көрсетуге арналған технологиялық платформаға заңсыз кіріп, тіркелген пайдаланушылардың жеке ақпаратын ұрлаған.
Ла Лиганың қауіпсіздік қызметі рұқсатсыз кіру көзін анықтап, 16 қарашада хакердің әрекетін тоқтатқан. Осылайша деректердің әрі қарай таралуына тосқауыл қойылды.
«Ла Лига жанкүйерлерге қызмет көрсетуге арналған технологиялық платформаларының біріне бағытталған кибершабуылға ұшырады. 14–16 қараша аралығында киберқылмыскер аталған платформаға заңсыз кіріп, Ла Лига мен бірқатар клубтардың цифрлық сервистерін пайдаланушылардың жеке деректерін көшіріп алған.
Ла Лиганың қауіпсіздік қызметі рұқсатсыз кіру көзін анықтады. 16 қарашада шабуылды оқшаулау, деректердің әрі қарай ұрлануын тоқтату және қаскүнемнің әрекетіне тосқауыл қою үшін барлық қажетті шара қабылданды.
Оқиға тек осы платформаға қатысты болды. Ла Лиганың басқа жүйелері зардап шеккен жоқ және жарыстардың өтуіне ешқандай әсер еткен жоқ.
Қазіргі уақытта оқиғаның ауқымын анықтау үшін платформадағы әрекеттерге талдау жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жаңа шабуыл әрекеттерін дер кезінде анықтау және цифрлық сервистердің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету мақсатында жүйелерді бақылау күшейтілді.
Оқиға туралы Испанияның дербес деректерді қорғау агенттігіне (AEPD) хабарланды. Сондай-ақ Ұлттық полицияның киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі орталық бөлімшесіне арыз берілді. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.
Деректері таралуы мүмкін клубтарға да ақпарат берілді. Ла Лига олармен бірлесіп барлық қажетті шараларды үйлестіруде. Ұйым жанкүйерлердің жеке мәліметтерін қорғауға ерекше мән беретінін тағы да растайды», – делінген Ла Лиганың ресми мәлімдемесінде.
Сонымен қатар «Тенерифе», «Эльденсе» және «Реал Овьедо» клубтары да өз жанкүйерлерінің жеке деректері таралуы мүмкін екенін хабарлады.
«Эльденсе» клубының алдын ала мәліметінше, кибершабуыл салдарынан пайдаланушылардың жеке басын анықтайтын және байланыс деректері қолды болған.
Осыған байланысты клубтар жанкүйерлерге алаяқтық хабарламалардан сақ болуды ескертті. Киберқылмыскерлер футбол ұйымдарының атын жамылып, қосымша жеке ақпарат алуға әрекет жасауы мүмкін.