Лапорта «Камп Ноу» стадионында Чемпиондар лигасының финалы өтуіне байланысты пікір білдірді

Фото: Getty Images
УЕФА 2028 және 2029 жылдары Еуропадағы екі ірі футбол додасын қабылдайтын стадиондарды анықтады.
2028/29 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының финалы Барселонадағы жаңартылған «Камп Ноу» стадионында өтеді. Ал 2028 жылғы УЕФА Суперкубогы тарихта алғаш рет Қазақстанда – «Астана Аренада» ойналады.
Тиісті шешімді УЕФА Атқарушы комитеті 15 қыркүйекте Салоникиде өткен отырысында қабылдады.
Чемпиондар лигасының финалын «Спотифай Камп Ноу» стадионында өткізу туралы шешім «Барселона» үшін маңызды оқиға болды. Каталониялық клубтың президенті Жоан Лапорта УЕФА-ның бұл шешімі жаңартылған стадионның жоғары мәртебесін растайтынын атап өтті.
Лапортаның айтуынша, Еуропаның басты клубтық матчын өткізу «Барселона» үшін ғана емес, оның жанкүйерлері үшін де үлкен мақтаныш болады.
«Спотифай Камп Ноу» 2029 жылғы Чемпиондар лигасының финалын өткізу орны ретінде таңдалды. Бұл – «Барселона» мен барлық жанкүйерлеріміз үшін үлкен мақтаныш. УЕФА-ның бұл шешімі әлемдік деңгейдегі арена мәртебесін нығайтқан және жанкүйерлерге қызмет көрсету, технология, коммуникация, қолжетімділік пен ұсынылатын қызметтердің сапасы сияқты бағыттарда жоғары стандарт қалыптастырған жаңартылған стадионның халықаралық деңгейде мойындалғанын білдіреді», – деп Лапортаның сөзін клубтың ресми сайты келтірді.
Айта кетейік, 2027 жылғы УЕФА Суперкубогы Амстердамдағы «Йохан Кройфф Аренада» өтеді.