«Левски» футболшысы «Қайратқа» қарсы қарымта матчтағы мүмкіндіктерін бағалады

Бекарыс Әлімхан··
«Левски» ФК

«Левски» ФК

Софияның «Левски» клубының жартылай қорғаушысы Асен Митков алматылық «Қайратқа» қарсы Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матч туралы пікір білдірді.

Болгариялық футболшы екінші кездесуде қазақстандық команданың шабуылда белсендірек ойнайтынын күтетінін айтты.

«Бұл жолы матч басқаша болады деп ойлаймын. Олар шабуылда белсендірек әрекет етуге тырысады деп күтемін. «Қайратқа» қарсы бізге оңай болмайды, себебі олар Чемпиондар лигасында ойнап жүр. Ойын жеңіл өтпейді, бірақ сырт алаңда да жеңіске жетеміз деп үміттенемін», – деді Митков DSport.bg басылымына берген сұхбатында.

Еске салайық, Софияда өткен алғашқы кездесуде «Левски» 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Осылайша, келесі кезеңге шығу үшін «Қайрат»қа минималды есеп айырмасын қайтару қажет.

Қарымта матч 11 тамыз күні Түркістанда өтеді. Ойын Қазақстан уақытымен 20:00-де басталады. Екі матч қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда Чемпиондар лигасы іріктеуінің плей-офф кезеңіне шығып, грек клубы АЕК-пен кездеседі.