«Левскиге» қарсы матч алдында «Қайрат» жанкүйерлері клубқа үндеу жасады

Аружан Талгат··
Фото: f.c.kairat

Фото: f.c.kairat

Алматылық «Қайраттың» жанкүйерлері Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі болгариялық «Левскиге» қарсы жауапты матч қарсаңында клуб басшылығына ашық үндеу жасады.

Жанкүйерлер Алматыдан Түркістанға дейін трансфер ұйымдастыруды сұрады. Дәл осы қалада шешуші кездесу өтеді.

Олардың пікірінше, дәл қазір командаға трибунаның қолдауы аса қажет. Жанкүйерлер ойынның Түркістанға ауыстырылуына байланысты көпшіліктің матчқа өз бетінше бара алмайтынын атап өтті.

«Кездесудің ауыстырылуы клубқа байланысты болмағанын түсінеміз және бұл шешімге күмән келтірмейміз. Бірақ дәл осындай ойындарда трибунаның қолдауы үлкен рөл атқарады. Клуб басшылығынан Алматыдан Түркістанға және кері бағытта жанкүйерлерге трансфер ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Бұл стадионда біздің жанкүйерлердің санын арттырып, командаға туған қаладан жырақта болса да үйдегі атмосфераны сезінуге көмектеседі», – делінген үндеуде.

Сондай-ақ клуб жанкүйерлері Түркістанда команданы қолдауға дайын екенін білдіріп, өтініштерінің ескерусіз қалмайтынына үміт артты.

Еске салайық, «Қайрат» Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне кипрлік «Омонияны» пенальти сериясында жеңіп шықты. Жауапты кездесудің негізгі және қосымша уақыты алматылықтардың 1:0 есебімен жеңісімен аяқталып, кейін 11 метрлік соққылар сериясында басым түсіп, келесі кезеңге өтті.

«Қайрат» пен болгариялық «Левски» арасындағы үшінші іріктеу кезеңінің жауапты ойыны 11 немесе 12 тамыз күні Түркістанда өтеді. Матчтың Алматыдан ауыстырылуына 14 тамызда Орталық стадионда америкалық рэпер Канье Уэсттің концерті жоспарланғаны себеп болды.