Лионель Месси Испания королімен бірге ресми кешкі асқа шақырылды

Фото: ФК «Интер Майами»
«Алтын доптың» сегіз дүркін иегері Лионель Месси Астурия ханшайымы сыйлығын табыстау рәсіміне орай Испания королі VI Филипп пен патшайым Летисия ұйымдастыратын ресми кешкі асқа шақырту алды.
Marca басылымының мәліметінше, «Интер Майами» клубының аргентиналық шабуылшысы 22 қазанда марапаттау рәсіміне қатысу үшін Овьедо қаласына барады. Бұған дейін футболшы кәсіби мансабындағы жетістіктері мен қоғамдық қызметі үшін Астурия ханшайымының спорт саласындағы сыйлығына ие болған.
Месси келген күні Овьедо қаласындағы Спорт сарайында мектеп оқушыларымен, студенттермен және жанкүйерлермен кездеседі. Кешке аргентиналық футболшы король VI Филипп, патшайым Летисия және басқа да сыйлық иегерлерімен бірге ресми кешкі асқа қатысады. Келесі күні марапатталған азаматтардың корольдік отбасы өкілдерімен кездесуі жоспарланған.
Астурия ханшайымы сыйлығын табыстау рәсімі 23 қазанда Кампоамор театрында өтеді. Мессиден бөлек, өнер, әдебиет, ғылым және басқа да салалардың өкілдері марапатталады.
Салтанатты рәсімнен кейін аргентиналық футболшы Нью-Йоркке тікелей рейспен ұшып, «Интер Майами» командасына қосылуды жоспарлап отыр. 25 қазанда оның командасы MLS тұрақты чемпионаты аясында сырт алаңда «Нью-Йорк Ред Буллзға» қарсы ойнайды.
Айта кетейік, 2026 жылдың маусымында Астурия ханшайымы сыйлығының қазылар алқасы Мессиге спорт саласындағы марапатты табыстау туралы шешім қабылдады. Қазылар футболдағы жетістіктерін, сондай-ақ балалардың білімі мен денсаулығын қолдауға бағытталған қайырымдылық қызметін атап өтті.