Махачевтің Гэрриді жеңгені үшін қанша гонорар алғаны белгілі болды

Фото: Getty Images
Ислам Махачев пен Иэн Гэрридің UFC 330 турниріндегі титулдық жекпе-жегі үшін алған болжамды гонорарлары белгілі болды. BetMGM мәліметінше, кештің басты жекпе-жегіне қатысқан спортшылардың табысындағы айырмашылық 2 миллион доллардан асқан.
Махачев октагонға шығып, ирландиялық қарсыласын жеңгені үшін 4,14 миллион доллар көлемінде табыс тапқан. Бұл шамамен 1,9 миллиард теңгеге тең. Ал Гэрридің гонорары 2,061 миллион доллар, яғни шамамен 952,6 миллион теңге деп бағаланып отыр.
Алайда бұл сандардың болжамды екенін атап өткен жөн. UFC дәстүрлі түрде спортшылардың келісімшарттары бойынша толық қаржылық ақпаратты жарияламайды. Сондай-ақ Пенсильвания штатының Атлетикалық комиссиясы турнирге қатысушылардың нақты төлемдері туралы ресми мәлімет ұсынбаған.
UFC 330 турнирінің басты жекпе-жегінде Махачев жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеуін алғаш рет қорғады. Гэрримен кездесу толық бес раундқа созылып, төрешілердің бірауызды шешімімен ресейлік спортшы жеңіске жетті – 49:46, 49:46, 48:47.
Бұл жеңіс Махачевтің UFC-дегі әсерлі жеңіс сериясын жалғастырды. Гэрриді жеңу оның промоушендегі қатарынан 17-жеңісі болды.