«Манчестер Юнайтед» бас бапкерін ауыстыруға дайын: басты үміткер белгілі болды

Фото: Getty Images
Англиялық «Манчестер Юнайтед» клубы бас бапкер қызметіне жаңа маман тағайындау мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Команданы жаттықтыруға басты үміткер ретінде қазіргі уақытта АҚШ құрамасын басқарып отырған 54 жастағы аргентиналық Маурисио Почеттино аталып отыр.
The Athletic журналисі Дэвид Орнштейннің мәліметінше, ағылшын клубының өкілдері Почеттиноның айналасындағы адамдармен келіссөз жүргізіп үлгерген. Болашақ келісімшарттың талаптары жан-жақты талқыланғанымен, әзірге түпкілікті шешім қабылданбаған.
Бапкерлік ауыс-түйістің болуы қазіргі жаттықтырушы Майкл Кэрриктің болашағына байланысты.
Daily Mail басылымының хабарлауынша, 11 қарашада клубтың бас директоры Омар Беррада мен спорт директоры Джейсон Уилкокс Монакода «Манчестер Юнайтедтің» ортақ иелерінің бірі Джим Рэтклиффпен кездеседі. Жиында Кэрриктің қызметінен кету мәселесі талқыланады. Егер тараптар оның отставкасын мақұлдаса, ресми мәлімдеме 12 қарашадан ерте жарияланбайды.
Майкл Кэррик «Манчестер Юнайтедті» 2026 жылдың қаңтарында тізгіндеген болатын. Төрт айдан кейін клуб онымен келісімшартты 2028 жылдың жазына дейін ұзартты. Алайда жаңа маусымдағы сәтсіз нәтижелер маманның болашағына күмән тудырды.
Ағылшын Премьер-лигасының алғашқы он турында «Манчестер Юнайтед» небәрі бір жеңіске жетіп, сегіз ұпай жинады. Қазір команда турнир кестесінде 18-орында, яғни төменгі дивизионға түсіп қалу аймағында тұр.
Манчестерлік клуб келесі кездесуін 22 қарашада сырт алаңда «Ливерпульге» қарсы өткізеді.