Басты бет
·
Футбол

«Манчестер Юнайтед» жаңа бас бапкерін ресми түрде таныстырды

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Ағылшынның «Манчестер Юнайтед» клубы аргентиналық маман Маурисио Почеттиноны бас бапкер қызметіне тағайындағанын ресми түрде жариялады.

54 жастағы маманмен келісімшарт 2029 жылға дейін жасалды. Почеттиноны қызметке шақыру үшін манкуниандықтар АҚШ футбол федерациясымен келісіп, оның ұлттық құрамадағы жұмысын мерзімінен бұрын тоқтатуға қол жеткізді. Аргентиналық маманмен бірге Англияға оның жаттықтырушылар штабының мүшелері де келеді.

Почеттино ағылшын футболымен жақсы таныс. Бұған дейін ол «Саутгемптон», «Тоттенхэм» және «Челси» клубтарын жаттықтырған. Сондай-ақ испаниялық «Эспаньол» мен франциялық «ПСЖ» командаларын басқарды.

Париждік клубпен бірге Франция чемпионатын, ел кубогын және Суперкубогын жеңіп алған.

Почеттиноның соңғы жұмыс орны АҚШ ұлттық құрамасы болды. Ол америкалықтарды 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалына дейін жеткізді.

Аргентиналық маман «Манчестер Юнайтедті» қиын жағдайда қабылдап отыр. Команда Англия Премьер-лигасының алғашқы он турында небәрі бір жеңіске жетіп, турнир кестесінде 18-орында тұр.

Почеттиноның жаңа командасы келесі кездесуін 22 қарашада өткізеді. «Манчестер Юнайтед» сырт алаңда «Ливерпульмен» кездеседі. «Энфилд» стадионындағы матч Қазақстан уақытымен сағат 21:30-да басталады.