Мануэль Нойер ауыр жарақаттан кейін болашағына қатысты шешім қабылдады

Фото: Getty Images
Мюнхендік «Баварияның» қақпашысы Мануэль Нойер ауыр жарақатына қарамастан, кәсіби мансабын мерзімінен бұрын аяқтауды жоспарлап отырған жоқ.
Журналист Флориан Плеттенбергтің мәліметінше, 40 жастағы неміс қақпашысы жарақатынан толық айығып, 2027 жылы алаңға оралуды көздеп отыр.
Дереккөздің хабарлауынша, Нойердің кәсіби мансабын аяқтауы мүмкін ең ықтимал уақыт – 2027 жылдың жазы. Оған дейін тәжірибелі қақпашы «Баварияға» 2026/27 жылғы маусымды аяқтауға көмектескісі келеді.
Мюнхендік клуб басшылығы да футболшының шешімін қолдап отыр. Команда Нойердің алаңға оралуына асықпайды. Толық қалпына келгеннен кейін оның қайтадан негізгі құрамға қосылуы күтіледі.
Дегенмен «Бавария» келесі маусымда Йонас Урбигті команданың бірінші нөмірлі қақпашысы ретінде қарастырып отыр.
Еске салайық, Нойер 7 қарашада Германия чемпионатының тоғызыншы турында «Майнцқа» қарсы өткен кездесуде жарақат алған болатын. «Бавария» 2:1 есебімен жеңіске жеткен матчта қақпашы бірінші тайм аяқталмай жатып алаңнан кетуге мәжбүр болды.
Медициналық тексеріс нәтижесінде оның оң аяғындағы сіңірі жартылай жыртылғаны анықталды. Клуб әзірге қақпашының нақты қашан қатарға қосылатынын жариялаған жоқ.
Айта кетейік, Мануэль Нойер «Бавария» сапында 2011 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт аралығында ол Германия чемпионатын 13 рет, ел кубогын алты рет және Чемпиондар лигасын екі рет жеңіп алды.
Биылғы маусымда неміс қақпашысы тоғыз матч өткізіп, оның төртеуінде қақпасына гол жібермеген.