Марокко құрамасының екі ойыншысы ӘЧ алдында жарақат алды

Фото: Getty Images
Марокко құрамасының ойыншылары — «Бетис» клубының вингері Абдессамад Эззалзули мен «Марсельдің» қорғаушысы Найеф Агер жарақаттарына байланысты 2026 жылғы Әлем чемпионатына қатыса алмайды.
Испаниялық клубтың шабуылшысы Норвегия құрамасына қарсы өткен жолдастық кездесуде (1:1) оң тізесіндегі байламдарын жарақаттап алған. Ал Найеф Агердің нақты қандай жарақат алғаны жарияланған жоқ.
Олардың орнына Марокко құрамасына «Анже» клубының шабуылшысы Мохамед Амин Сбаи және «Әл-Фатех» командасының қорғаушысы Маруан Садане шақырылды.
2026 жылғы ӘЧ-де Марокко құрамасы С тобында Бразилия, Гаити және Шотландия құрамаларымен кездеседі.
Айта кетейік, 2026 жылғы футболдан Әлем чемпионатына 48 құрама қатысады. Командалар төрт құрамадан 12 топқа бөлінген. Турнир қожайындары АҚШ, Канада және Мексика құрамалары жолдаманы автоматты түрде иеленді.
Топтық кезең 11-27 маусым аралығында өтеді. Әр топтан үздік екі құрама және үшінші орын алған сегіз үздік команда плей-офф кезеңіне жолдама алады. Жалпы турнир барысында 104 матч өткізіліп, бұл әлем чемпионаттары тарихындағы рекордтық көрсеткіш болмақ.