Мартинелли емес: ФИФА Бразилия – Жапония матчының үздік ойыншысын атады

Фото: Getty Images
Бразилия құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатында чемпиондық атақ үшін күресін жалғастыруда.
1/16 финал матчында команда Жапонияны 2:1 есебімен ерік-жігер танытып жеңді.
Жеңіс голын Габриэл Мартинелли соққанына қарамастан, матчтың үздік ойыншысы атағы Каземироға берілді. Жартылай қорғаушы бірінші таймдағы сәтсіз эпизодтан кейін кездесудің басты қаһармандарының біріне айналды.
Ойынның басы Каземиро үшін сәтсіз өрбіді. 29-минутта оның қателігінен кейін жапондар нәтижелі шабуыл ұйымдастырып, оны Каисю Сано дәл соққымен аяқтады. Осылайша бразилиялықтар есепте артта қалды.
Үзілістен кейін тәжірибелі хавбек жағдайды түзете алды. 56-минутта ол айып алаңында күресте жеңіп шығып, әуелете берілген доптан кейін баспен гол соғып, есепті теңестірді. Матчтың шешуші сәті қосымша уақытта туды: 90+5-минутта Габриэл Мартинелли Бразилия құрамасына жеңіс пен 1/8 финалға жолдама сыйлады.
Каземиро матч соңына дейін ойнай алмады. Кездесудің аяқталуына аз уақыт қалғанда ол жарақат алып, жаттықтырушылар штабы оны ауыстыруға мәжбүр болды.
Енді Бразилия құрамасы 1/8 финалдағы қарсыласын күтуде. Ол Кот-д’Ивуар мен Норвегия арасындағы жұптың жеңімпазы болады.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнирдің финалы 19 шілдеде өтеді.