«Медаль үшін күресеміз»: Қазақстан құрамасының капитаны Азия чемпионатындағы мүмкіндіктерін бағалады

Фото: Каирбек Тулегенов
Қазақстанның гандболдан әйелдер құрамасының капитаны Ирина Хасаханова SPORTHUB.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында Алматыда өтіп жатқан Азия чемпионатындағы Аустралияға қарсы жеңіске пікір білдіріп, басты қарсыластарын атады және команданың алға қойған мақсаты туралы айтты.
Хасаханованың сөзінше, алғашқы матчтағы сенімді жеңіс тыңғылықты дайындықтың нәтижесі болды. Қазақстандық гандболшылар бұған дейін Аустралия құрамасымен кездесіп, чемпионат қарсаңында жолдастық матчтар өткізген. Бұл қарсыластың ойын мәнерін жан-жақты зерттеуге мүмкіндік берген.
«Біз бұған дейін Аустралиямен кездескенбіз. Сондай-ақ оқу-жаттығу жиыны кезінде олармен жолдастық матчтар өткізіп, тактикасын, доп лақтыру ерекшеліктерін зерттедік. Сондықтан бұл қарсыласқа дайын болдық.
Менің ойымша, командамыз жарысқа өте жақсы дайындықпен келді. Біз міндетті түрде медаль үшін күресеміз. Негізгі қарсыластарымыз – Оңтүстік Корея, Жапония және Қытай.
Қазақстан үш рет Азия чемпионы атанған. Ал соңғы Азия чемпионатында үздік үштікке еніп, қола медаль жеңіп алдық», – деді Хасаханова SPORTHUB.kz тілшісіне.
Құрама капитаны өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсетудің ерекшелігіне де тоқталды. Оның айтуынша, трибунадағы қолдау ойыншыларға қосымша күш бергенімен, жауапкершілікті де арттырады.
«Өз үйіңде қабырға да көмектеседі дейді ғой. Бірақ өз алаңыңда ойнағанда жауапкершілік те жоғары болады. Өйткені бар күшіңді салып, жүз пайыз дайындықпен өнер көрсетуің керек», – деді ол.
Еске салайық, әйелдер арасындағы XXI Азия чемпионаты 23 қарашада Алматыда басталды. Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі алғашқы матчында Аустралияны 37:18 есебімен ойсырата жеңіп, турнирдегі алғашқы екі ұпайын еншіледі.
Қазақстандық гандболшылар келесі кездесуін 24 қарашада Үндістанға қарсы өткізеді. Одан кейін ұлттық құрама Оңтүстік Корея және Өзбекстан командаларымен кездеседі.