Мераб Двалишвили ММА тарихындағы ең ұлы файтерді атады

Aibar Rysdaulet··
Фото: Helen Yee Sports.

Фото: Helen Yee Sports.

UFC-дің бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвили ММА тарихындағы ең ұлы файтер деп кімдерді санайтынын айтты. Грузиялық спортшы қазіргі UFC чемпионы Ислам Махачевтің жетістіктерін де жоғары бағалады.

Двалишвилидің пікірінше, Махачев аралас жекпе-жек тарихындағы үздіктердің бірі болғанымен, бұл атаққа америкалық Джон Джонс лайық. Грузиялық файтер әсіресе оның чемпиондық белбеуді бірнеше рет қорғағанын және титулдық жекпе-жектердегі тәжірибесін атап өтті.

«Меніңше, Ислам Махачев – ұлылардың бірі. Бірақ мен үшін ең ұлысы – Джон Джонс. Оның титулды қорғауы ең көп, ол чемпиондық жекпе-жектерде бірнеше рет өнер көрсетті. Ислам – керемет файтер, ол да ұлылардың бірі. Бірақ ең ұлысы – Джон Джонс», – деді Двалишвили Helen Yee Sports YouTube арнасына берген сұхбатында.

38 жастағы Джон Джонс UFC-де 2008 жылдан 2024 жылға дейін өнер көрсетті. Америкалық жартылай ауыр және ауыр салмақта ұйым чемпионы атанды. Жалпы оның еншісінде титул үшін өткен жекпе-жектерде 15 жеңіс бар.