Месси әкесі қайтыс болғаннан кейін алғаш рет оған жүрек тебірентерлік хат арнады

Фото: Getty Images
Лионель Месси әкесі Хорхе Месси қайтыс болғаннан кейін алғаш рет үн қатып, оған көлемді хат арнады. Аргентиналық футболшы әкесінің өмірінің соңғы айлары, 2026 жылғы әлем чемпионаты туралы айтып, мансабының басынан бері жанында болған адамсыз әрі қарай қалай өмір сүру керегін әлі де елестете алмайтынын жеткізді.
«Әке, сенің жоқ екеніңе әлі де сене алар емеспін. Бәлкім, мен мұны қабылдағым келмейтін шығар. Енді сені көре алмайтынымызды, сөйлесе алмайтынымызды түсіну маған қиын. Соңғы уақытта саған қаншалықты ауыр болғанын білемін. Бірақ соған қарамастан, сен тым ерте кеткендей сезіледі. Біз бірге өткізетін әлі талай сәт бар еді. Сен менің соңғы әлем чемпионатында ойнағанымды қатты қаладым. Алайда турнирге бірнеше күн қалғанда жағдайың нашарлап, алғаш рет сен жанымда болмадың. Анам сенің сауығып, маған келе алатыныңды айтатын. Мен саған финалға дейін жетемін деп уәде бердім, сенің келуіңе уақыт болсын дедім. Әр ойыннан кейін сенің хабарыңды күтетінмін. Біз шынымен финалға жеттік, бірақ сен ол жерде болмадың. Мен жеңіп, саған тағы бір кубок сыйлағым келді, алайда денем енді шыдамады. Жағдайыма қарамастан ойынды жалғастыруға тырыстым, бірақ сол жолы қолымнан келмеді.
Үйге оралғанда, сен финалда пенальтиден жеңіліп қалдық деп ойладың. Біз турнир туралы дұрыстап сөйлесіп те үлгермедік. Тағы да сенің айтқаның дұрыс болып шықты: мен ол жаққа барып, ойнауым керек еді. Сен мен үшін жай ғана әке болған жоқсың. Сен менің досым әрі агентім болдың, ең басынан бері жанымнан табылған адамсың. Біз кейде пікір таластыратынбыз, мен сенімен келіспейтін кездерім де болды. Бірақ соңында көп жағдайда бәрі сен айтқандай болатын.
Келесі қадамым қандай болатынын және футболда тағы қанша уақыт ойнайтынымды білмеймін. Сен менімен бірге осы жолдың басым бөлігін жүріп өттің. Оның аяқталуына аз ғана уақыт қалған кезде сенің кеткенің жаныма батады. Мен сені қатты сағынатын боламын. Бірақ сен әрдайым менімен бірге боласың. Соның ішінде балаларымды тәрбиелеуімнен де өзіңді көресің. Бір кездері сендер, әкем мен анам, маған берген тәрбиені мен де балаларыма беруге тырысып жүрмін.
Жатқан жерің жайлы болсын. Енді сол жақтан бізге қамқор болып жүр. Барлығы үшін рақмет. Сені жақсы көремін, әке», - деп жазды Месси.
2026 жылғы әлем чемпионатында Аргентина құрамасы финалға дейін жетіп, шешуші матчта Испанияға қосымша уақытта жол берді. Турнирден кейін Месси жағдайы сол кезде қатты нашарлаған әкесіне оралды. Хорхе ауруына байланысты Аргентинаның шешуші матчта пенальти сериясында жеңілгеніне дейін ойлаған. Әкесі мен баласы Леоның соңғы әлем чемпионаты туралы толыққанды сөйлесіп үлгермеді.
Хорхе Месси 8 тамызда Росариода ұзақ уақытқа созылған ауыр дерттен кейін қайтыс болды. Ол 68 жаста еді. Леоның бүкіл кәсіби мансабында әкесі оған ең жақын адамдардың бірі болып, оның мүддесін қорғады және футболшының мансабындағы маңызды шешімдерге қатысты.