Месси «Интер Майамимен» тарихтағы алғашқы Кампеонес кубогын жеңіп алды

Бекарыс Әлімхан··
«Интер Майами» ФК

«Интер Майами» ФК

«Интер Майами» Мексиканың «Крус Асуль» командасын 2:0 есебімен жеңіп, клуб тарихында алғаш рет Кубок Кампеонес иегері атанды.

Алаң иелері 24-минутта есеп ашты. Луис Суарес айып алаңына пас асырса, Лионель Месси допты басымен қақпаға бағыттап, командасын алға шығарды. Бұл гол аргентиналық футболшының «Интер Майами» сапындағы 100-ші добы болды.

Қызығы, Месси америкалық клубтағы алғашқы голын да «Крус Асульге» қарсы соққан. Ол 2023 жылдың шілде айында Лига кубогы аясындағы кездесуде мексикалық команданың қақпасын дәл көздеген болатын.

Екінші таймда «Крус Асуль» есепті теңестіруге мүмкіндік алды. Алайда Габриэль Фернандестің соққысынан кейін доп қақпа бағанасына тиіп, алаң иелері голдан аман қалды.

Ал кездесудің 81-минутында «Интер Майами» есепті 2:0-ге жеткізді. Лионель Месси бұрыштамадан допты айып алаңына асырды, ал Каземиро баспен соққы жасап, қақпаны дәл көздеді.

Матчтың үздік ойыншысы атанған Лионель Месси үшін бұл трофей мансабындағы 48-ші чемпиондық атақ болды.

Аргентиналық жұлдыз «Интер Майами» сапына қосылғаннан бері клуб төрт маусым қатарынан кем дегенде бір трофей жеңіп алып келеді. Команда 2023 жылы Лига кубогын, 2024 жылы тұрақты чемпионатты, ал 2025 жылы MLS кубогын иеленген болатын.

Осылайша, Месси бастаған «Интер Майами» клуб тарихындағы тағы бір маңызды жетістікке қол жеткізіп, Кубок Кампеонесті алғаш рет өз қоржынына қосты.