Мик Шумахер «Индианаполис 500» жарысының үздік дебютанты атанды

Темирлан Мажекенов ··
Фото: Jakob Ebrey/Getty Images

Фото: Jakob Ebrey/Getty Images

Бұрынғы «Формула-1» пилоты Мик Шумахер IndyCar сериясындағы алғашқы маусымында «Индианаполис 500» жарысының үздік дебютанты атағын жеңіп алды. Бұл туралы чемпионаттың баспасөз қызметі әлеуметтік желіде хабарлады.

Неміс авто-шабандозы биыл бірнеше жылдық төзім мен сабыр бәйгесінен кейін Rahal Letterman Lanigan Racing командасының құрамында IndyCar сериясына қосылды. Шумахер Indy 500 жарысындағы төрт дебютанттың бірі болды. Онымен бірге Деннис Хаугер, Кайо Коллет және Джейкоб Абель алғаш рет жарысқа қатысты.

Мик Шумахер жарысты 27-позициядан бастап, дебютанттар арасындағы ең үздік нәтиже көрсетті. Нәтижесінде неміс пилоты жарысты 18-орында аяқтады. Үздік дебютант атағымен қатар Шумахер жарыстың жүлде қорынан бөлек қосымша 50 мың доллар сыйақы алды.

Өткен жылы «Индианаполис 500» жарысының үздік дебютанты атағын Роберт Шварцман жеңіп алған еді. Ол жарысқа поул-позициядан бастаса да, кейін дистанциядан шығып қалды.