Мика Годтс ПСЖ сапындағы дебютінен кейін пікір білдірді

Бекарыс Әлімхан··
Фото: A.Meunier/PSG

Фото: A.Meunier/PSG

Бельгиялық вингер Мика Годтс Франция чемпионатының бірінші турында «Реннге» қарсы (2:2) өткен матчта ПСЖ сапындағы дебюті туралы пікір білдірді.

Годтс үзілістен кейін алаңға шығып, Хвича Кварацхелияны алмастырды. Сол кезде ПСЖ 0:2 есебімен ұтылып жатқан еді. Бельгиялық футболшымен бірге алаңға Ферран Торрес та шықты. Испаниялық шабуылшы 71 және 83-минуттарда гол соғып, командасына тең есепті қамтамасыз етті.

«Біз 0:2 есебімен жеңіліп жаттық. Екінші таймда алаңға есепті теңестіруге деген нық ниетпен шықтық және мұны жүзеге асыра алдық. Дебютіме қуаныштымын, бірақ біз жеңіліп жатқандықтан, ең алдымен өз ойыныма назар аударуға тырыстым.

Жанкүйерлер біз үшін өте маңызды, олар бізге керемет қолдау көрсетеді. Мұны алғашқы голдан кейін анық байқауға болады: олардың қолдауы бізге алға ұмтылып, екінші голды соғуға көмектесті», – деді Годтс.

Годтс тамыз айында «Аякстан» ПСЖ-ға ауысып, 2031 жылға дейін келісімшартқа қол қойған. Бельгиялық футболшы өткен маусымда Нидерланд чемпионатында 17 гол соғып, 12 нәтижелі пас берген.

Келесі турда ПСЖ 28 тамызда сырт алаңда «Лилльмен» кездеседі. Ал «Ренн» 30 тамызда өз алаңында «Ле-Манды» қабылдайды.

Мика Годтс ПСЖ сапындағы дебютінен кейін пікір білдірді – sport-hub