Михаил Кукушкин мансабын аяқтар алдында жанкүйерлеріне үн қатты

ҚТФ
Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Алматыда өтіп жатқан ATP-250 санатындағы Almaty Open турнирі қарсаңында жанкүйерлеріне үн қатты. Бұл жарыс оның кәсіби мансабындағы соңғы турнир болмақ.
Баспасөз мәслихатында 38 жастағы спортшы жанкүйерлеріне қолдауы үшін алғыс айтты.
«Мансабымның осы жылдарында сіздердің қолдауларыңыздың арқасында көптеген жеңіске жетіп, керемет эмоцияларды бастан өткердім. Есімде мәңгі сақталатын сәттерді өткердім», – деп келтіреді Кукушкиннің сөзін Sportarena.kz.
Қазақстандық теннисші турнирдегі алғашқы кездесуін 19 қазанда грек спортшысы Стефанос Сакелларидиске қарсы өткізеді. Ол іріктеу кезеңінен өткен. Матч «Алматы Арена» орталық кортында өтеді. Кукушкин жарыстың негізгі кезеңіне арнайы шақырту алды.
Айта кетейік, Кукушкин маусым айында Алматыдағы турнирден кейін кәсіби мансабын аяқтайтынын мәлімдеген еді. Қазақстандық теннисші 2006 жылдан бері кәсіби деңгейде өнер көрсетіп келеді. Ол 2010 жылы Санкт-Петербургте өткен турнирде ATP жарыстарының жекелей сыны бойынша чемпион атанды. Сондай-ақ ATP турнирлерінде үш рет финалға шықты.
Кукушкиннің әлемдік рейтингтегі ең жоғары көрсеткіші – 2019 жылғы ақпанда тіркелген 39-орын. Ол Қазақстан құрамасы сапында Дэвис кубогында бірнеше рет өнер көрсетіп, «Челленджер» сериясындағы турнирлерде 16 титул жеңіп алған.
Еске салайық, Almaty Open-2026 турнирі 17-25 қазан аралығында өтеді. Негізгі кезеңнің матчтары 19 қазанда басталып, финал 25 қазанға жоспарланған.