Михаил Шайдоровқа Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атағы беріледі

Темирлан Мажекенов ··
Фото: ҚР ХОК

Фото: ҚР ХОК

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері атағын растайтын куәлікке ие болады. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, спортшы АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиындарынан оралғаннан кейін марапат салтанатты түрде табысталады.

Айта кетейік, Шайдоров бұл атақты алуға қажетті нормативті 2025 жылдың өзінде орындаған болатын. Сол жылы ол әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған. Бұған дейін спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында куәліктің әлі күнге дейін тапсырылмағанын айтқан еді.

«Михаилдың еңбек сіңірген спорт шебері куәлігі мен төсбелгісі дайын. Алайда оның АҚШ-тағы дайындық жиындарына байланысты құжатты ресми әрі салтанатты жағдайда тапсыруға мүмкіндік болмады, уақыт тым тығыз болды», – деді министр.

Михаил Шайдоров – 2026 жылғы Олимпиада чемпионы, 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2025 жылғы Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы және Қазақстанның бес дүркін чемпионы (2020–2024).

Сонымен қатар оның еншісінде 2022 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс медалі мен Гран-при кезеңдерінде жеңіп алған жүлделері бар.