Миллиардер Джефф Безос «Ливерпульдің» тең иесі атануы мүмкін

Фото: instagram_jeffbezos
Миллиардер әрі Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос «Ливерпуль» клубына инвестиция салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Forbes мәліметінше, оның байлығы 252 миллиард долларды құрайды.
Sky News таратқан ақпаратқа сәйкес, әлемдегі ең бай төртінші адамға кәсіпкер Амит Бхатия жетекшілік ететін консорциум құрамына қосылу ұсынылған. Бұл топ «Ливерпульдің» үлесін сатып алу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.
Бұған дейін Fenway Sports Group (FSG) өкілі Бхатия консорциумы клубқа стратегиялық инвестиция салуға қызығушылық танытқанын растаған болатын. Алайда Безос әзірге мәмілеге қосылу туралы түпкілікті шешім қабылдаған жоқ.
FSG «Ливерпульді» 2010 жылдан бері иеленіп келеді. Осы уақыт аралығында клуб екі рет Англия Премьер-лигасының чемпионы атанып, Чемпиондар лигасын, клубтар арасындағы әлем чемпионатын, Англия кубогын жеңіп алды. Сондай-ақ үш мәрте Англия лигасы кубогын еншіледі.